3) референдум өткізу жөніндегі бастаманы қабылдамау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының Президенті референдум өткізілгенге дейін референдум бастамашысының ерік-мүддесін неғұрлым дәл білдіру үшін оның келісімімен референдумға шығарылатын мәселенің (мәселелердің) сауалын нақтылауға құқылы.
22-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де өкілеттігі
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай және Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды. Жолдау Құрылтай сессиясында жарияланса, онда ол талқыланбайды және ол бойынша сұрақтар қойылмайды;
2) мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды тағайындайды; Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттайды және құрметті атақтарды, жоғары әскери және өзге де атақтарды, жоғары сыныптық шендерді, жоғары дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді; аталған наградалардан, атақтардан, шендерден, дәрежелер мен сыныптардан айырады;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, оны сақтау және тоқтату, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды;
4) саяси баспана беру мәселелерін шешеді;
5) кешірім беруді жүзеге асырады;
6) ұлттық валютаның қолданылу тәртібін, мерзімі мен шарттарын айқындайды;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады; Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады;
8) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;
9) Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын тағайындайды; оны лауазымынан босатады;
10) Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады;
11) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
23-бап. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті
1. Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
2. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өкілеттігі:
1) өз қалауы бойынша өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берген;
2) Қазақстан Республикасының Президенті оны атқаратын лауазымынан босату туралы шешім қабылдаған;
3) оның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған немесе ол шет мемлекеттің аумағында тұруға ықтиярхат не тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжат алған;
4) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) заңды күшіне енген сот шешімімен оны әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе оның әрекетке қабілеттілігі шектелген;
6) ол заңды күшіне енген сот шешімімен хабарсыз кеткен деп танылған;
7) ол қайтыс болған немесе заңды күшіне енген сот шешімімен қайтыс болған деп жарияланған;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.
Вице-Президенттің өкілеттігін осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тоқтатады.
3. Вице-Президенттің өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап жиырма күн ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Вице-Президентті тағайындауға Құрылтайдың келісімін алу үшін оның кандидатурасын Құрылтайға енгізеді.
Бұл мерзім Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңге не Құрылтай сессиялары аралығындағы кезеңге тұспа-тұс келсе, Қазақстан Республикасының Президенті тиісінше Құрылтай жұмысын бастаған немесе оның кезекті сессиясы басталған күннен бастап жиырма күн ішінде Вице-Президенттің кандидатурасын Құрылтайға енгізеді.
4. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.
24-бап. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өкілеттігі
Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АКТІЛЕРІ
25-бап. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің нысандары
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
4. Қазақстан Республикасының Президенті тиісінше жарлықтар мен өкімдер шығаратын мәселелердің тізбесі осы Конституциялық заңның 26 және 27-баптарында айқындалады. Қазақстан Республикасы Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде қажет болған жағдайда актілердің (жарлықтардың, өкімдердің) түрлерін дербес айқындауға құқылы.
26-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының негізінде және оларды орындау үшін шығарылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің актісін шығаруды талап ететін Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық өкілеттіктері жүзеге асырылады;
2) мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді жұмыс істеуін, сондай-ақ билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы Конституцияда және заңдарда белгіленген жауапкершілігін қамтамасыз ету мәселелері шешіледі;
3) Құрылтайдың заңнамалық құзыретіне кірмейтін, сондай-ақ Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың заңдарда белгіленген құзыретіне жатпайтын мәселелердің құқықтық жағынан реттелуі жүзеге асырылады;
4) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының және оның сыртқы саясатының стратегиялық мәселелері бойынша шешім қабылданады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын жарлықтардың ғана нормативтік құқықтық акт ретінде күші болады.
27-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдері
1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдері Конституцияның, заңдардың және Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының негізінде және оларды орындау үшін шығарылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдерімен:
1) әкімшілік-өкімдік, жедел және құқықтық сипаттағы мәселелер шешіледі;
2) конституциялық мәртебесі жоқ лауазымды адамдар лауазымға тағайындалады және одан босатылады.
28-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін дайындау және оларды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу
1. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;
4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар әзірлейді.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілетін актілердің жобалары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленеді және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізіледі;
2) заң техникасы мен іс жүргізу талаптарына сай болуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының Президенті шығарған актілердің нөмірленуі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттік мерзіміне жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің түпнұсқалары және олардың материалдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесінде сақталады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырылады.
4. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеудің заңнамада белгіленген тәртібінің сақталуын бақылауды және оларды Мемлекет басшысының қарауына ұсынуды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.
29-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ олардың күшін жою тәртібі
1. Өзгерістер мен толықтырулар:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдеріне Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдерімен енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының күші Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Президенті өкімдерінің күші Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен және өкімдерімен жойылады.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің заңды күші бірдей актілері арасында қарама-қайшылық болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті актісінде өзгеше белгіленбесе, қолданысқа кешірек енгізілген акт басшылыққа алынуға тиіс.
30-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі
1. Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік сипаттағы актілері алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бір мезгілде қолданысқа енгізіледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік сипаты жоқ актілері оларға қол қойылған кезден бастап күшіне енеді.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресми жариялануға тиіс.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері өзге де баспа органдарында жариялануы, телевизия, радио арқылы халыққа жария етілуі, Интернетте орналастырылуы, тиісті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдар мен олардың лауазымды адамдарына жіберілуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар Қазақстан Республикасы Президентінің актілері жарияланбауға тиіс. Мұндай актілердің түпнұсқасына құпиялық белгісі қойылады және олар қолданылатын органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың назарына белгіленген тәртіппен жеткізіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің аталған актілерінің мазмұны белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында баяндалуы мүмкін.
5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІН МЕРЗІМІНЕН
БҰРЫН ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ, ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТІРУ
31-бап. Қазақстан Республикасының Президентін мерзімінен бұрын лауазымынан босату, қызметінен кетіру
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен өз еркімен орнынан түсуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіппен денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда Құрылтайдың шешімімен мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін.
3. Мемлекетке опасыздық жасауды, яғни Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне, аумағының тұтастығына нұқсан келтіру мақсатында жасалған қасақана әрекетін, сондай-ақ соғыс немесе қарулы қақтығыс кезінде жау (қарсылас) жағына өтіп кеткен, шет мемлекеттің Қазақстан Республикасына қарсы дұшпандық әрекет жасауына көмек көрсеткен және бұл үшін Құрылтай Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен қызметінен кетіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін атқару кезінде жасаған әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
4. Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін оның қарауы кезеңінде ұсынылмайды.
32-бап. Қазақстан Республикасы Президенті өкілеттіктерінің ауысуы
1. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Вице-Президентіне өтеді; Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасына өтеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдеме береді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдемені осы тұлғаның өзі және өз еркімен бергенін растайды және күнтізбелік үш күн ішінде қорытынды береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ.
6-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
33-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін мемлекет тарапынан қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
34-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің жалақысы және демалысы
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жалақысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Президентіне күнтізбелік қырық бес күн мерзімге жыл сайынғы ақы төленетін демалыс беріледі.
35-бап. Қазақстан Республикасы Президентін қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының Президенті қызметте болған кезде Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік резиденциялармен, Қазақстан Республикасының астанасындағы қызметтік пәтермен қамтамасыз етіледі.
2. Қазақстан Республикасының Президенті қызметтік автомобиль көлігімен, әуе көліктерімен, сондай-ақ арнаулы техникамен жабдықталған көлік құралдарының өзге де түрлерімен қамтамасыз етіледі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасы мүшелеріне тұрғын үй және көлік қызметін көрсетуді Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, сондай-ақ өздерінің құзыретіне сәйкес Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамтамасыз етеді.
4. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы қамтамасыз етеді.
5. Мемлекеттік күзет қызметі арнаулы байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің бүкіл қызмет кезеңінде Қазақстан Республикасы Президентінің жеке кітапханасы мен жеке архиві құрылады.
36-бап. Қазақстан Республикасының Президентін күзету
1. Қазақстан Республикасының Президентін күзету Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктеледі.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жұбайы (зайыбы) және Қазақстан Республикасының Президентімен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері күзетіледі.
37-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мемлекеттік орган болып табылады, оған:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің қызметін қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының Президентін елдегі жағдай туралы уақтылы және толық хабардар ету;
3) Қазақстан Республикасы Президенті шешімдерінің толыққанды орындалуын қамтамасыз ету;
4) Мемлекет басшысы белгілейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жүктеледі.
38-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, мекемелер мен ұйымдар
1. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық өкілеттігін жүзеге асыру және оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан консультативтік-кеңесші органдар, өзге де мекемелер мен ұйымдар құрылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті:
1) консультативтік-кеңесші органдардың құрамын айқындайды, Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан өзге де мекемелер мен ұйымдарды құрады;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, өзге де мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындайды;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, өзге де мекемелер мен ұйымдар туралы ережелерді бекітеді;
4) консультативтік-кеңесші органдар басшыларының осы органдардың жұмысы туралы есептерін қарайды.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру мен өкілеттігі заңда айқындалады.
7-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ
39-бап. Қазақстан Республикасы экс-Президенттерінің мәртебесі
1. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.
2. Қазақстан Республикасы экс-Президентінің Қазақстан Республикасы Құрылтайының отырыстарына, Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелеріне арналған салтанатты жиындарға және мемлекет өткізетін өзге де іс-шараларға қатысуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының экс-Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Қазақстан Республикасы экс-Президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу заңмен қудаланады.
40-бап. Қазақстан Республикасының экс-Президенттерін қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының экс-Президентін қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының экс-Президентіне:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық айлықақысының сексен пайызы мөлшерінде өмір бойына зейнетақы белгіленеді. Қазақстан Республикасы экс-Президентінің осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген зейнетақысы Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық айлықақысының өсуіне қарай көтеріледі;
2) пәтер мен резиденция, күзет, жүргізушісі бар қызметтік көлік (жерүсті және әуе көлігі) беріледі, медициналық қызмет көрсетіледі, ел аумағында жүріп-тұруына жағдай жасалады.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке архиві мен жеке кітапханасының материалдары Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі қызметі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының экс-Президентінің меншігінде болады.
41-бап. Қазақстан Республикасының экс-Президенттері құқықтарының кепілдігі
Мемлекетке опасыздық жасау жағдайын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқару кезінде жасаған әрекеті үшін Қазақстан Республикасының экс-Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
42-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін қамтамасыз ететін өзге де заңнамалық актілердің қолданылуы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасының Президентіне қолданылмайды.
43-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 5 маусым
№ 296-VIII ҚРЗ